«Жезқазған қаласының ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінің
Мемлекеттік мекемесінің ресми сайты
Главная Нормативно-правовые акты Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидалары

Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидалары

Опубликовано: 17 октября 2012 . Обновлено: 14 марта 2016

Қарағанды облыстық мәслихатының

XXII сессиясының 2013 жылғы

12 желтоқсандағы № 245 шешімімен

бекітілген

 

 

Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидалары

 

 

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау осы Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау тәртібін анықтайды.
  2. Қағидалар меншік нысанына қарамастан, иттерді және мысықтарды күтіп-ұстайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады (бұдан әрі - иелері).

Ерекшелікті тек қызметтік иттері және питомниктері бар құқық қорғау органдарының мекемелері құрайды.

  1. Қағидалар Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңдарына сәйкес әзірленген.
  2. Осы Қағидалар Қарағанды облысының барлық аумағында қолданыста болады.

 

 

  1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар

 

  1. Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар – мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптарды белгілейтін, сондай-ақ ветеринариялық нормативтердің негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын нормативтік құқықтық акт.
  2. Ветеринариялық iс-шаралар – иттер және мысықтардың ауруларының профилактикасын, оларды емдеудi немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға, жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға, жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса алғанда эпизоотияға қарсы ветеринариялық - санитариялық рәсiмдер кешенi.
  3. Жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудан, қала әкімдігімен ветеринария саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкіл етілген атқарушы орган.
  4. Ит – төбет тұқымдас, сүтқоректі үй жануары.
  5. Иттер мен мысықтарды серуендету – иттер мен мысықтардың тұрған жайдан сырт жерде немесе арнайы қарастырылған аумақтарға болуы.
  6. Иттер мен мысықтардың иесі – жеке меншігінде немесе басқа түрінде иттер және мысықтарға иелік етуші жеке немесе заңды тұлға.
  7. Иттерді және мысықтарды аулау бойынша мамандандырылған бригада - қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен шұғылданатын аудандық, қалалық ветеринариялық станциялардың мамандандырылған бригадалары.
  8. Иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау – иттер мен мысықтардың иелерімен ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтай отырып, иттердің және мысықтардың толыққанды тіршілік қарекетін қамтамасыз ету үшін іске асырылатын әрекеттер.
  9. Иттерді және мысықтарды серуендету орны - осы мақсатта жергілікті атқарушы органның шешімімен арнайы бөлінген жерге орналастырылған қоршалған алаң.
  10. Қараусыз иттер мен мысықтар - иесін анықтау мүмкін емес, иесінен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген, сондай-ақ олардың иесі меншік құқығынан бас тартқан иттер мен мысықтар.
  11. Қоғамдық орындар – адамдар көп жиналған немесе көп жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде бақтар, саябақтар және одан басқа азаматтардың демалыс орындары, жаға жайлар, стадиондар.
  12. Қызметтік иттер – кинологиялық орталықтарда арнайы тестілеуден өткен, қызметтік мақсатқа пайдалану үшін үйретілген иттер.
  13. Мысық – мысық тұқымдас, сүтқоректі үй жануары.
  14. Ұйықтату – иттер мен мысықтарды әдейі жансыздандыру.
  15. Экскременттер – ішкі ортаға шығаруға жататын, ағзаның тіршілік әрекетінің қалдықтар жиынтығы. Экскременттер мысалы тер, кіші және үлкен дәрет, құсық массалары болып табылады.

 

 

  1. Иттер мен мысықтарды күтіп-ұстау

 

  1. Иттер мен мысықтарды сатып алу, сату, басқа тұлғаға беру, сондай-ақ аудан және қала аумағында және аумағынан тыс жерлерге көліктің барлық түрлерімен тасымалдау, құтыру және өзге де жұқпалы ауруларға қарсы егілгені, жүргізілген зерттеулер күнінің белгісі мен ветеринариялық анықтамасы бар болған кезде ғана рұқсат етіледі. Иттер мен мысықтарды елді мекеннен тысқары жерлерге тасымалдау және елді мекенге басқа өңірлерден әкелген кезде, иелері жануардың денсаулығы және вакцинациялаудың жүргізілгендігі туралы белгісімен ветеринарлық куәлігі болуы қажет.
  2. 14 жасқа толған тұлға (иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттердің түрлерінен басқа) иттің иесі бола алады.

Егер иттер мен мысықтарды ұстаушы заңды тұлға болса, онда ол жануарларды ұстау, қарау міндеті жүктелген тұлға тағайындауы қажет.

  1. Санитариялық - гигиеналық, зоогигиеналық талаптар, ветеринариялық (ветеринариялық – санитариялық) талаптар және осы Қағидалар сақталған кезде иттер мен мысықтарды ұстауға рұқсат етіледі:

1) бір отбасы орналасқан тұрғын жайларда;

2) бірнеше отбасы тұратын тұрғын жайларда пәтерде тұрып жатқан барлық тұрғындардың жазбаша келісімімен тек өзінің тұрғын жай аумағында;

3) кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда, азаматтардың бақ өсіруімен айналысатын және коммерциялық емес саяжайлар бірлестіктерінде, демалыс базаларында иттер байлауда немесе вольерлерде, айналасындағыларды мазалауға мүмкіндік бермейтін және қауіп туғызбайтын жағдайда ұсталуға тиісті.

  1. Көп пәтерлі тұрғын үйде, бір отбасы пәтерінде ірі және орта тұқымды екі иттен және үш мысықтан көп емес, үш айлық жасқа толмаған төлін ұстауына болады. Жастары үш айдан асқан иттер мен мысықтардың төлі жаңа иелерге, немесе ауданның, қаланың жергілікті атқарушы органының ветеринарлық пункттеріндегі ветеринарлық дәрігерлеріне өткізілуі тиіс.
  2. Иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (асүйлер, дәліздер, баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатыр астылары, лоджиялар, балкондар және қосалқы үй-жайларда) көп қабатты үйлер және тұрғын үй-жайлары жанындағы аумақтарда (жеке тұрғын үй қоры үйлерінің жанындағы аумақтардан басқа), қонақ үйлерде, жатақханалар дәліздерінде ұстауға жол берілмейді.
  3. Иті немесе мысығы бар иелерін қонақ үй әкімшілігінің келісімі бойынша, санитариялық-гигиеналық ережелер сақталған кезде, қонақ үйге орналастыруға рұқсат етіледі.
  4. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесілі аумақтарда жердің иелерінің рұқсатымен немесе басқа да заңды тұлғалардың келісімімен ұстауға рұқсат етіледі. Иттер қоршауы жануарлардың қашып кетуіне мүмкіндік бермейтін, қоршалған аумақта, адамдар мен басқа жануарларға шабуыл жасай алмайтын жағдайда ұсталуға тиіс. Аумақта ит бар екені туралы кіреберісте иттің бейнесі салынған, «Ит күзетеді! Охраняется собакой!» деген жазба жазылған, көлемі 20 х 30 сантиметрден кем емес ескерту хабарламасы ілінуі қажет.
  5. Елді мекеннің жеке тұрғын үй қорына жататын үйлерде санитариялық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптар сақталатын болса ірі және орта тұқымды бес иттен және он мысықтан көп емес, бес айлық жасқа толмаған төлін ұстауға рұқсат етіледі.
  6. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар және жасөспірімдерге арналған мекемелердің «тірі бұрыштарында», жазғы және қысқы сауықтыру санаториялық - курорттық мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринария қызметтерінің рұқсатымен ұстауға рұқсат етіледі.
  7. Иттер мен мысықтар қоғамдық орындарда ертіп жүретін тұлғаларсыз болған жағдайда, мекемелердің, қызмет көрсететін кәсіпорындардың жанында уақытша байлаулы қалдырылғандардан басқалары, қаңғыбас болып есептелінеді және аулануы тиіс.
  8. Қарағанды облысының аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға, өткізуге және жануарларға қатысты қатыгездікке апаратын басқа да іс-шараларды өткізуге жол берілмейді (күзетшілерге арналған иттердің жұмыс сапасын, мертігуін қоспайтын, дұрыс тұқымдық іріктеудің өткізілуін ескеретін иттерді өсіруге арналған арнайы ережелер бойынша тексерулері қоспағанда).

 

 

  1. Иттер мен мысықтарды серуендету тәртібі

 

  1. Иттер мен мысықтарды серуендету кезінде иелері келесі талаптарды сақтауы тиіс:

1) иттерді тұмылдырықпен (иттердің сәндік түрлерінен басқа) және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен, осы Қағидалардағы 36-тармақта көрсетілген орындардан басқа жерлерде, айналасындағыларға ешқандай мазасыздық, кедергілер келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығару;

2) иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергілікті атқарушы органдары, пәтер иелері кооперативтерімен көзделген еркін серуен алаңдарында алып жүру рұқсат етіледі;

3) иттер мен мысықтар иелері әрдайым иттер мен мысықтардың мойнында лақап аты, түрі, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген нөмірлі жетон бекітілген қарғыбау таға алады. Иесінің тілегі бойынша нөмірлі жетонда иттерге және мысықтарға қатысты және басқа да ақпарат көрсетілуі мүмкін;

4) иттерді тасымалдау қоғамдық көліктердің артқы алаңдарында, тұмылдырықта және қысқа мойын жіпте, жолаушылардың мазасын алуға жол бермейтін жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттердің сәндік түрлерін және мысықтарды сөмкелерде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерлерде) тасымалдауға рұқсат етіледі. Науқас иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдауға жол берілмейді.

  1. Объектілерге итпен келуге болмайтындығы туралы тиісті тыйым салу жазбалары болмаған кезде иттің иесіне өз итін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта халыққа қызмет ететін кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың жайларына ертіп әкелуге рұқсат етіледі. Итпен келуге тыйым салатын кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер нысандарға итті ертіп келуге тыйым салынатындығы туралы белгілерін орнатуы және иттерді байлап қалдыратын орындарды ғимаратқа кіре берісте жарақтауы қажет.
  2. Итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өзіне зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Бұл ретте ит адамдардың және автокөліктердің өтуіне кедергі болмауы керек.
  3. Ит қоғамдық орындарда қарғыбаусыз тек қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана бола алады.
  4. Көшелер мен тораптардың жанынан өткен кезде иттер мен мысықтар иесі (иттер мен мысықтарды серуендеуге шығарған тұлға) жол-көлік оқиғаларын және иттер мен мысықтардың өлуін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы тиіс.
  5. Рұқсат етілмейді:

1) иттер мен мысықтарды рұқсат етілген немесе осы мақсатта бөлінген арнайы орындардан басқа, балалардың аулалық алаңдарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емделу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және тұрғындар жаппай демалатын өзге де орындарда, тыйым салатын белгілер орнатылған орындарда серуендетуге;

2) иттер мен мысықтарды жағажайларда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде, тоғандарда, фонтандарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға және жуындыруға;

3) көзі нашар көретін адамдарды жетектеуші иттен басқа иттерді және мысықтарды қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, мәдениет мекемелеріне әкелуге және ұстауға;

4) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өткізілетін жерлерде, адамдарды құтқару бойынша қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті күзету бойынша жұмысты орындаған, сондай-ақ көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттерді қоспағанда, иттер мен мысықтармен бірге болуға.

  1. Ішімдікке және есірткіге масаю күйде, әрекетке қабілетсіз тұлғаларға және 14 жасқа толмаған балаларға иттер мен мысықтарды серуендетуге және олармен көпшілік жүретін орындарда, қоғамдық көлікте болуға рұқсат берілмейді.

 

 

  1. Иттер мен мысықтардың иелері

 

  1. Жеке және заңды тұлғалардың иттер мен мысықтарға меншік құқығы заңмен қорғалады.
  2. Адамдар мен жануарлардың денсаулығына аса қауіп келтіретін аурумен ауырды деп танылған жағдайда, иттер мен мысықтар Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңының 30 бабы, 1 тармағына және 10 бабы, 2 тармағы, 7 тармақшасына сәйкес аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық - санитариялық инспектордың шешімімен, немесе соттың шешімі болған жағдайда ғана иесінен алынып, жойылуы мүмкін. Егер де ит науқас емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылуы тиіс.
  3. Иттер мен мысықтардың иелері төмендегі талаптарды орындауға міндетті:

1) иттер мен мысықтардың айналасындағыларды мазалауға әкеліп соқпайтын және қауіп төндірмейтін жүрісін қамтамасыз етуге;

2) тұрғын үй-қоры пәтерлерінде иттер мен мысықтардың баспаналарының ұйымдастырылуын болдырмауға;

3) тұрғын үй-жайларда шуды болдырмау бойынша шаралар қабылдауға;

4) алаңдарды, кіреберістерді, сатылық алаңдарды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, жаяусоқпақтарды, скверлерді, саябақтарды, демалыс аймақтарын, стадиондарды ластамау, ал ластанған жағдайда міндетті түрде жедел тазалауды жүзеге асыруға (қағаз немесе полиэтилен пакеттерін пайдалану);

5) жануарларды түрлеріне және тұқымдарына қарай зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес ұстау, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

6) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай ұстау, оларға адамгершілікпен қарау, қараусыз қалдырмау, жануарларға қажетті көлемде тамақ пен ішетін су беру, қатал қатынасқа жол бермеуге;

7) адам денсаулығына және өміріне қауіп төндіретін шабуыл жасаған жануарлардан қажетті қорғанысты қоспағанда, иттер мен мысықтарға қатысты күш көрсетуге (ұрып-соғуға, жарақат салуға, өлтіруге) рұқсат етілмейді;

8) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелері мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды диагностикалық зерттеу және профилактикалық емдеу үшін бөгетсіз беруге;

9) иттер мен мысықтарды жыл сайын екі немесе үш айлық жасынан бастап ветеринарлық пункттерге немесе аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға байқауға және құтырма мен басқа да инфекциялық ауруларға қарсы диагностикалық және профилактикалық егу үшін әкелуге;

10) ветеринарлық пунктке ит және мысық адамды тістеп, жарақат салған кезде хабарлауға;

11) жүйелі түрде, тоқсанына бір реттен кем емес иттер мен мысықтарды гельминттерге және тері паразиттеріне қарсы профилактикалық өңдеуді өткізуге;

12) иттер мен мысықтардың ауруының барлық жағдайларында не ауруға күдікті болғанда жедел түрде ветеринарлық пункттерге немесе аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға жүгінуге, тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтауға;

13) иттер мен мысықтарды одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған кезде оны басқа иелерге, жануарларды қорғау ұйымына беруге немесе ауданның, қаланың қараусыз қалған (қаңғыбас) иттер мен мысықтарды аулауды және ұстауды жүзеге асыратын арнайы ұйымға тапсыруға;

14) иттің, мысықтың өліп қалған жағдайларында немесе құтырма ауруына күдіктенген жағдайда жедел түрде ветеринарлық пункттерге немесе аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға хабарлау және осы жануарлар ветеринариялық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулауға;

15) ит немесе мысық белгісіз себептермен өліп қалған жағдайда ветеринарлық пункттерге немесе аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға өлудің себептерін анықтау үшін жүгінуге.

  1. Өліп қалған иттер мен мысықтардың өлігін лақтырып тастауға, елді мекендердің аумағына көміп тастауға рұқсат етілмейді.

Иттер мен мысықтардың өліктері қараусыз иттер мен мысықтарды аулау және өліктерін жинау бойынша аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларына тапсырылуы керек.

  1. Ветеринарлық мамандарға олардың қызметтік міндеттерін орындау үшін көмек көрсетуге ықпал етуге.

 

 

  1. Иттер мен мысықтардың санына мониторинг

 

  1. Иттер және мысықтардың санына мониторинг қадағалаусыз иттер мен мысықтардың санын азайту, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, иттер мен мысықтар арқылы таралатын ауруларды ескерту мақсаттарында жүргізіледі.
  2. Иттер және мысықтардың саны олардың иелерінің бастамасы бойынша елді мекендердегі ветеринария мамандарымен піштіру немесе ұрықсыздандыру жолымен реттеледі, қараусыз иттер мен мысықтардың саны аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларымен аулау жолымен реттеледі.

 

 

  1. Қағидалардың сақталуын бақылау

 

  1. Елді-мекендерде иттер мен мысықтарды күтіп ұстау Қағидаларының сақталуына бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соған уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
  2. Аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары қоршауларды, орындықтарды, тақтайшаларды, белгілерді, қоқыс ыдыстарын орната отырып иттер мен мысықтарды серуендету орындарын бөледі және тиісті санитарлық нормаларға сәйкес қолдауын ұйымдастырады.
  3. Өз құзыреті шегінде пәтер иелерінің кооперативтері (бұдан әрі - ПИК):

1) жертөлелерді, шатырларды және басқа да қосалқы үй - жайларды тұрғын үй қорын, техникалық пайдаланудың нормалары мен ережелеріне сәйкес қараусыз ит пен мысық кіріп кетуіне жол бермейтіндей жағдайда ұсталуын қамтамасыз етеді;

2) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларына өз аумақтарындағы қаңғыбас иттер мен мысықтардың болуы туралы хабарлайды;

3) ветеринарлық қызметтің мамандарына эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге ықпал көрсетеді;

4) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау мекемелеріне, ішкі істер органдарына осы Қағидалардың бұзылу фактілері жөнінде хабарлайды.

 

 

  1. Иттер мен мысықтар иелерінің

осы Қағидаларды бұзғандығы үшін жауапкершілігі

 

  1. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін иттер мен мысықтардың иелері Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 311 бабына сәйкес жауапты болады.

 

 

  1. Қорытынды ережелер

 

  1. Иттер мен мысықтарды қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау питомниктерге орналастыру және ұстау құқы питомниктердің құрылуына қарай туындайды.